«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе хабқа айнала ма?

2015 жылғы 21 Тамыз
- Ақтөбе облысы
9518 просмотров

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында өңірдегі көлік-логистикалық саланы дамыту мәселелері талқыланды

Батыс Қазақстандағы көлік-логистикалық хабқа айналу үшін барлық алғышарттары бар өңір үшін, бұл біршама өзекті мәселе. Облыс Ресеймен, Өзбекстанмен шектесіп жатыр. Автожолдардың ұзақтығы 6533 шақырымды құрайды, соның ішінде 1893 шақырым республикалық маңызға ие.

Облыс әкімінің орынбасары Ғали Ісқалиев, инвестициялар және даму министрлігі транзитті және көлік логистикасын дамыту департаментінің директоры Дәурен Сәбитов, ӨКП директоры Нұрлыбек Мұқанов, көлік-логистикалық сала кәсіпорындарының басшылары мен өкілдері қатысқан іс-шарада Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасының аясындағы Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» түсіндірілді.

Облыс әкімінің орынбасары Ғали Ісқалиев елімізде Ұлт жоспарын талқылау және түсіндіру жөнінен кең көлемді жұмыс жүргізіліп жатқанын атады.

«Аталмыш реформаларды жүзеге асыру үшін Мемлекет басшысының жарлығымен модернизация жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды. Оның құрамына отандық және халықаралық сарапшылардан тұратын бес жұмыс тобы кірді. Облыста сонымен қатар Ұлт жоспарын ақпараттық сүйемелдеу бойынша іс-шаралар жоспары құрастырылып, іске асыруға қабылданды. Жұмыс топтары құрылды, аталмыш құжатты түсіндіру жөніндегі спикерлер белгіленді. Бүгін осы құжаттың негізгі бағыттарын, сондай-ақ оны жүзеге асыру жөніндегі жергілікті атқару органдары мен бизнес құрылымдардың міндеттерін талқыға саламыз», - деп хабарлады облыс әкімінің орынбасары және республикалық жұмыс тобының мүшесі, Инвестициялар және даму жөніндегі министрлік транзитті және көлік логистикасын дамыту департаментінің директоры Дәурен Сәбитовке сөз берді.

Іс-шара қонағы ел Президентінің 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы транзитті көбейту жөнінде алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін қолданылып жатқан шаралар жайлы сөз қылды.

«Қазақстанда «ҚазАвтоЖол» бірыңғай операторы құрылған. Оған «100 нақты қадам» Жоспарының аясында шетелдік қарыздарды тарту құқығын заң жүзінде бекіту көзделуде. Бұрын мемлекеттік сыңайлы сектордың ешқайсысында мұндай құқық болмаған еді. «ҚазАвтоЖол» шетелдік инвесторларды тартып, осының есебінен автожолдар сала алады. Сонымен бірге оған автомобиль жолын ақылы етуді енгізу уәкілеттігін бекіткіміз келеді. Әзірше бізде жалғыз Астана-Бурабай жолы ғана. Ол өз әсерін көрсетіп жатыр. Жалпы транзиттік тасымалдар жылына шамамен 17 миллион тоннаны құрайды, 2020 жылға қарай инфрақұрылымдық жобаларды ойдағыдай жүзеге асырған жағдайда транзит 2 есе өседі», - деп хабарлады Дәурен Сәбитов.

Инвестициялар және даму министрлігі транзитті және көліктік логистиканы дамыту департаменті директоры сонымен қатар аралас тасымалдаулар заң жобасы төңірегінде жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Бұл жерде барлық процедуралар заңнамалық деңгейде реттелу үшін, тасымалдаушылар мен тапсырыс берушілер арасындағы бірыңғай көлік құжатын құру жайлы сөз болып отыр. 

Сонымен қатар таяу арада Ақтөбеде тағы бір көлік-логистикалық орталық салынатыны белгілі болды. Ондағы жүк айналымы жылына 1 миллион тоннаға дейін болуы мүмкін. Пайдалануға енгізудің болжалды мерзімі – 2017 жыл. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер