«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе облысында үздік тауар өндірушілер анықталды

2023 жылғы 13 Тамыз
- Ақтөбе облысы
8158 просмотров

Бүгін Ақтөбеде дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының өңірлік кезеңі қорытындыланды. Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысты. Алдымен, өңір басшысы Орталық саябақ алаңында қаз-қатар тізілген азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика саласы, құрылыс индустриясы, машина жасау және тағы басқа кәсіпорындардың көрмесін аралап шықты. Сондай-ақ, конкурсты өткізу тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде сүт және ірімшік өнімдері, нан-тоқаш және тары өнімдері, этностильдегі бұйымдар мен киімдер, зергерлік бұйымдар жасаушылармен танысты.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында Индустриялық сертификаты бар 30 өндіруші және СТ-КZ сертификаты бар 200-ден астам өндіруші бар. Бұл өндірушінің шығу тегі мен бәсекеге қабілеттілігін растайды. Осы компаниялардың көпшілігі бүгінгі көрменің қатысушылары атанды.

Шара марапаттау рәсіміне ұласты.  Облыс әкімі Ералы Тоғжанов өз сөзінде бүгінгі күні кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын, жылдан-жылға шағын және орта бизнестің саны өсіп келетінін алға тартты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдау және қорғау, қазақстандық өнімді дамыту еліміздің экономикалық саясатындағы басымдықтардың бірі екендігін атап өткен еді. Шағын бизнесті дамыту және нығайту – мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Қазір республикалық және жергілікті көлемде кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, өңірде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 20,8%-ға өсіп, 97,7 мыңға жетті. Ашылған кәсіпкерліктердегі жұмыспен қамтылғандардың саны 7,8% өсіп, 173 мың адамға жетіп отыр. Ал бүгінгідей форматта жергілікті тауар өндірушілердің көрмесінің ұйымдастырылуы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді және өнім өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға көмектеседі», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы бұл іс-шара отандық тауар өндірушілердің өнімдерін ішкі нарықта белсенді ілгерілетуге нағыз мүмкіндік екенін айтты.

«Жыл сайын жаңа өндірушілердің пайда болуы қуантады. Біз қазір бәсекеге қабілетті бола алатын тауашаларды толтыруымыз керек. Конкурстың негізгі артықшылығы - жергілікті өнімді немесе брендті жылжыту, жаңа шарттар жасасуға және өндірістің сапалы жаңа деңгейіне көшуге арналған бастапқы алаң. Бұл формат заманауи нарықтың импульсінен қалмайтың мүмкіндік береді, көптеген жобалар көрме қорытындысы бойынша өз тауарлары мен қызметтерін танымалдылық денгейге шығарады», — деді ол.

Биыл Ақтөбе облысының үздік тауар өндірушілері атағына 29 компания өтінім берген. Олардың арасында алғаш рет қатысқандар да бар. Сараптамалық комиссия шешімімен жеңімпаз атанғандарды облыс әкімі Ералы Тоғжанов, «Атамекен» ҚР ҰКП республикалық конкурстарды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова және өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова марапаттады.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясында «Ferroom» ЖШС - металл жиһаз және өртке қарсы жабдықтарды өндіру және сату, «Қазтермогрупп» ЖШС - минерал жүн өнімдерін өндіру, «Bigness» ЖШС резеңке-техникалық бұйымдарды өндіру лауреат атанды.

«ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС дәрілік заттарды өндіруші ретінде «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша лауреат ретінде танылды. Сондай-ақ, бұл үштікке: марал өсірумен және санаторий-курорттық пантоемдеумен айналысатын «Зәру» шаруа қожалығы, сондай-ақ жұмсақ жиһаз жасаушы – «Мебель Ақсу» ЖШС енді.

«Үздік азық – түлік тауары» номинациясында газдалған ашытылған сүт сусынын өндіруші – «Молочные истории-А» ЖШС, майшабақтан пресер өндірісімен айналысатын – «Rokos Fish» ЖШС және кондитерлік өнімдерді өндіруші – «Samal cakes» ЖШС-не лауреат атағы берілді.

Жеңімпаздар жыл соңында елордада өтетін «Қазақстанның үздік тауары» байқауының республикалық турына қатысады.

«Rokos Fish» компаниясы нарықта 2000 жылдың басынан бері. Өткен жылы Ақтөбеде балық өндірісінің жеке желісі іске қосылды. Біз балықты өзіміз өңдейміз. Бұл бүкіл Қазақстан аумағында ұсынылған және Қырғызстанға экспортталатын дайын өнім. Конкурстың сапа белгісі біз үшін одан әрі дамуға ынталандыру болып табылады», - дейді компания өкілі Виктория Дюльгер.

«Қазақстанның үздік тауары» конкурсын өткізу тарихында тұңғыш рет «Бір ауыл-бір өнім» көрмесі өтеді. Бірегей және ерекше өнімдерді 22 қатысушы ұсынды, 10 қатысушысы алғыс хаттармен марапатталды. Кәсіпкерлердің жобалары өңірлік бренд-комитеттің отырысында қаралып, үздік 3 жоба одан әрі экспорттау мақсатында нарыққа жылжыту мүмкіндігіне ие болады.

«Мен Қалыбай ауылы Ыргыз ауданынан келдім. Бір жылдан астам сиыр сүтін өңдеумен және ашытылған сүт өнімдерінің 12-ден астам түрін өндірумен айналысамын. Мен өзім ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеймін. Бірақ бұл 20-дан астам сиырды саууға кедергі болмайды. Шаруа қожалығын жолдасым басқарады. Қызым өнімдерді брендтеуге көмектеседі - қаптама, жапсырмалар. Біз көпбалалы отбасымыз. Мұндай конкурстар бізге өзімізді кәсіпкер ретінде жүзеге асыруға, мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен өз брендімізді ұйымдастыруға және бүкіл елге танымал болуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті жобаға қатысушылардың ондығына кірген Сәуле Баудиярова.

 

Жоба кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылдан бастап елде іске асырылып келе жатқан «Мен – кәсіпкер» құралының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Оған тек әйелдер қатыса алады. Оның ерекшелігі - бұл аймақтағы бірегей өнімді іздеуге, ауылдық жерлерде жергілікті тауарлар мен өнімдер өндірісін дамытуға және тек жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілерді біріктіруге бағытталған.

Айта кетейік, жәрмеңкеге Ақтөбе облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының м.а. Бағжан Тілегенов қатысты. Ол қазіргі уақытта "Қазақстанда жасалған" брендімен отандық өнімді жылжыту және қолдау белсенді жүріп жатқанын атап өтті. Болашақта сөрелерде отандық өнімді бөліп көрсетуге, ал қазақстандықтарға жергілікті тауар өндірушіні қолдауға және тауарды қиындықсыз ажыратуға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер