«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбеде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының курс түлегі ауыл әйелдерінің форумы барысында өз тәжірибесімен бөлісті

2022 жылғы 09 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
5185 просмотров

Мәртөк ауданында алғаш рет «Ел дамуындағы ауыл әйелдерінің рөлі» атты форум ұйымдастырылды.

«AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған шараға партияның Хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Гүлдара Нұрымова арнайы қатысты және де жергілікті Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының өкілі Ержан Нұрғалиев болды. Мемлекеттік қолдау арқылы өз ісін ашқан Әсемгүл Қайрақбаева форум барысында тәжірибесімен бөлісті.

«Мен 3 баланың анасымын. 2016 жылы «Атамекен» арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 2017 жылы Темір ауданы Кеңқияқ ауылынан қайтарымсыз грант қаражатына наубайхана аштым. Осыдан кәсіпкерлікті жүргізгеніме 6 жыл болыпты. Биыл өңірлік кәсіпкерлер жанындағы ашылған Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына жүгініп, арнайы оқудан өтіп, қаладағы орталық базардан асхана ашып отырмын. Және де шағын кооперация жобасын іске асырып жатырмын. Бүгінгі форумнан көптеген ақпарат алдым. Әйелдерге ерекше көңіл бөліп жатқандарына алғыс білдіремін», - деді ол.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер Палатасының бөлім бастығы Ержан Нұрғалиевтың айтуынша, Ақтөбеде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы 2022 жылдың наурыз айында Ұлттық экономика министрлігінің «Ынтымақтастық қоры», ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және «Атамекен» ҰКП серіктестігі аясында ашылды. Бастама Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады.

Алты ай ішінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына кәсіпкерлік бастамасы бар 350–ден астам кәсіпкер әйел жүгінген. Әйелдердің көпшілігі жаңа білім мен біліктілік алу үшін оқытуды сұрайды. Бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының барлық жобалары «Атамекен» өңірлік палатасының қолдауымен және ӘКДО менторы Күлпаршын Айдарханованың сүйемелдеуімен жүзеге асырылуда.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында орналасқан. Мекен-жайы: Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 22К, 1 қабат. Байланыс нөмірлері: +7 (7132) 744-615, (кеңесші: Жаманқұлова Лаззат Ерболатқызы, +7 775 550 90 03 (whatsapp). Эл.пошта: lyazat0422@gmail.com

Ал «Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымы бойынша кәсіпкер әйелдерге жалпы сомасы 275,8 млн теңгеге несие берілген. Оның көбі Алға ауданына (89,3%), Ақтөбе қаласына (63,2%), Мұғалжар ауданына (54,3%) тиесілі. Өткен форумның басты мақсаты - әр түрлі сала бойынша ауыл әйелдеріне қолдау көрсету.

 Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев әйелдердің қоғамдағы орны ерекше екенін айтты.

«Бірінші кезеңде біз аудандық деңгейде ауыл әйелдерінің форумдарын өткізетін боламыз. Оған барлық ауылдық округ өкілдерін, әртүрлі санаттағы әйелдерді, мемлекеттік қызметкерлерді, дәрігерлерді, мұғалімдерді, жұмыссыздарды, үй шаруасындағы әйелдерді, кәсіпкерлерді тартуымыз қажет. Ауыл әйелдерін әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үрдісіне қатысуын ойластырамыз. Алдағы уақытта партияның әйелдер қанатын құруды жоспарлап отырмыз. Әйелдердің өзін-өзі жүзеге асыруы және шешім қабылдау процесіне тарту маңызды. Өйткені біз олардың дауысы естілгенін қалаймыз», - деді спикер. 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер