«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау Бизнес»: Нарқыздың тігін мектебі

2021 жылғы 09 Наурыз
- Ақтөбе облысы
4971 просмотров

Ақтөбелік жас кәсіпкер Нарқыз Тәжіғалиева бала күнінен тігін тігеді. Бүгінде арнайы тігін шеберханасы бар кәсіпкер шәкірт тәрбиелеп те жүр.

Нарқыздың өз кәсібін заңдастырғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бастапқыда ол кәсіпкер үшін салық төлеу, есепшоттарды жүргізу сияқты жұмыстармен айналысудың еш ретін білмеді. Сол үшін де көп уақыт үйде тапжылмай тігін тігіп, сырттан түскен тапсырыстарды орындаумен ғана отырды.

«Кәсіп бастауыма «Атамекен» Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасындағылардың ықпалы зор. Өз басым, бұл кәсіпті 2018 жылы қолға алдым. Бастапқыда еш жерде тіркеусіз, үйде тігін тігумен ғана айналыстым. Кейін ісімді куәландырғым келді. Сол кезде мені қайда барамын, не істеймін, қалай заңдастырамын деген ой мазалады. Сосын біреулер арқылы «Атамекен» палатасының жұмыс жасайтынын, бизнестегі мен сияқты  қыз-келіншектерге қолдау көрсететіні жайында естіп, білдім», — дейді Нарқыз Тәжіғалиева «Ақтөбе» газетіне берген сұхбатында.

Ол 2019 жылы палата арқылы «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша арнайы курстан өтеді. Сөйтіп, кәсіп ашуға біржола ден қойған Нарқыз бизнес-жаттықтырушылардың жан-жақты түсіндіруінің арқасында өз ісін заңдастырудың қыр-сырын түсініп алады.

«Жиырма бір  күндік оқу барысында бізге құжатпен жұмыс жасаудың реттері толық түсіндірілді. Салық төлеу, есепшотты жүргізу сияқты жұмыстарды тез меңгеріп алдым. Ең бастысы, кәсіпкерлік негіздері туралы кеңінен мағлұмат алып, көп нәрсені ұқтық. Кәсіпкер болуға ынталанған адам үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында мұндай курстан ең қажетті мәліметтерді алуға болатынын сеніммен айта аламын. Осылайша жеке кәсібімді бастаған едім», — дейді тігінші келіншек.

Ол — мемлекеттік грант иегері. Бизнес-жобасын сәтті қорғап, нәтижесінде 505 мың теңге грант ұтқан Нарқыз Тәжіғалиева бұл қаражатқа кәсіби жабдықтардың түрлерін көбейтіпті. Қазір оның иелігінде тігін шеберханасы бар. Жанында көмекшілері де жоқ емес.

«Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп жүрген кезде грант ұтамын деп мүлде ойламаған едім. Бұл — мен үшін күтпеген қуаныш.  Оқу барысында тыңдаушыларды әрбір топқа бөлетін. Сол топтың өз алдына бизнес-жаттықтырушысы болады.  Тренерлер бизнес-жоспар құруда бағыт-бағдар беріп отырды. Әрине, бизнес-жоспар құрғанмен, оны комиссия мүшелері алдында қорғау да үлкен шаруа. Яғни ойыңды жеткізіп, сөзіңді жүйелеп айтудың өзі шеберлікті қажет етеді», — дейді Нарқыз.

Оның мемлекеттік грантты ұтып алуда бизнес-жоспары өзгелерден несімен ерекшеленді? Ол өз киім брендін шығаруға айрықша басымдық берген. Сөйтіп, ерекше жоба комиссия тарапынан мақұлданған көрінеді.

«Бала күнімнен өзімнің киім брендімді шығаруды армандаған болатынмын. Осы мақсатыма қол жеткізу үшін бизнес-жобамды қорғауға ерекше құлшыныспен дайындалдым. Бұл — мен сияқты бизнес бастаушыларға үлкен мүмкіндік. Ең бастысы, осы мүмкіндікті жіберіп алмау керек болды. Оқу барысында бизнес-жоба құруға 4-5 күн бөлінеді. Егер түсінбей қалған нәрселеріміз болса, тренерден сұрайтынбыз. Бұл істе маған кәсіптік тренерім Сәкен Серікұлы көп бағыт-бағдар берді», — дейді тігінші.

Қазіргі таңда Нарқыз тігін тігумен қатар, онлайн курстар өткізеді, шәкірт тәрбиелейді.

«Әлеуметтік желі арқылы курс тыңдаушыларына өз  түйгендерімді түсіндіруге тырысамын. Киім тігудің жолдары, үлгілері, мата таңдау мәселесі де күн тәртібіне қойылады. Тігуді жаңадан қолға алған адамдар үшін онлайн түрде бейнесабақтар да өткіземін. Әр сабағыма 100-150 адамнан қатысады. Ал офлайн түрде айына бір адамға сабақ жүргіземін. Өйткені, тыңдаушыңды үйрету, оны белгілі бір кәсіпке баулу — оңай шаруа емес. Сабақ ұғыныңқы, мазмұнды болу үшін осылай жасауға тура келеді. Мен саннан гөрі сапаға ерекше мән беремін. Тыңдаушылардың уақытын тиімді пайдалану үшін сабақтан бір нәрсе үйреніп, көкейге түйгендерін қалаймын», — деді НарқызТәжіғалиева.

Нарқыздың онлайн, офлайн түрде курс өткізіп жүргеніне екі жыл болған. Тігін тігумен қатар, тігін мектебін де қоса алып жүрген оның бұл курсына қатысушылар саны күннен-күнге артуда.

«Осы уақыт ішінде офлайн оқыту барысында он адамды тігіншілікке баулыппын. Көпшілігі — қыз-келіншектер. Қазіргі күні олардың бірсыпырасы үйде отырып, тігіншілік кәсіппен айналысып жатыр. Бүгінгі таңда екі оқушым өзінің тігін шеберханасын ашуға ниеттеніп жүр. Мен олармен тығыз араласамын. Бір-бірімізден үйренетін кездеріміз де болады», — дейді ол.

Отбасы тірлігімен қоса, кәсібін де жандандырып отырған Нарқыз Тәжіғалиева қазір өзінің жеке киім брендін қалыптастырып жатыр. Бұл орайда ол өте қарапайым стильде киім үлгілерін тігеді. Атап айтқанда, қазіргі трендтегі худи көйлектердің сан түрлі үлгісін ойлап тауып, ашық түсті сәнді киімдер тігуге ыңғайланған. Сол сияқты кез келген жерге киюге ыңғайлы спорттық киім үлгілерін де тігіп шығарады. Киім үлгілерінің дизайнын Нарқыздың өзі жасайды.

«Кәсіби біліктілігімді шыңдауға ерекше мән беремін. Ол үшін түрлі дизайнерлер мен тігіншілердің туындыларына көз жүгіртемін. Әр тігіншінің өз блакноты бар деп ойлаймын. Ойға түйген нәрселерімді блакнотқа түртіп қоямын. Сосын ойға алған ісімді тез бастау үшін іс мәшенкесіне отырып, жұмыс жасауға тырысасың. Әрдайым ізденіс үстінде жүреміз. Өзгелерге өз тәжірибеммен бөлісіп, оларға да үйреткім келеді. Өз басым, тігуден хабары бар адамдарды  жаныма тартуға тырысамын. Олармен кәсіп жолында әрдайым пікірлесіп, тәжірибе алмасып отырған дұрыс. Ең бастысы, мақсатқа жету жолында берік сенім болу керек», — дейді Нарқыз.

Ол мектепте оқып жүрген кезінен киім тігеді. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген шағында тігіншілік курсқа барған. Кейін колледж, университет қабырғасында оқып жүргенде де тігіншіліктен қол үзбеген. Бала күнгі хоббиі бүгінде оның табыс көзіне айналып отыр.

Бір кездері мектепте дарынды балалармен жұмыс жүргізіп, әдіскерлік қызмет еткен Нарқыз Тәжіғалиева қазір өз кәсібінің деңгейін көтеру бағытында жұмыстанып жатыр. Ең бастысы, ол отандық өнімді шығаруға айрықша көңіл бөліп отыр.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер