«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында жаңа басшы

2021 жылғы 09 Ақпан
- Ақтөбе облысы
7193 просмотров

Сұлупан Шынтасованың кандидатурасы ӨКП Өңірлік кеңес мүшелерімен мақұлданды. Сайлау отырысына «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов және Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов қатысты

 Осы қызметте Сұлупан Шынтасова Анар Даржанованы алмастырды, Анар ханым қазіргі кезде Ақтөбе қаласы бойынша мәслихат хатшысы қызметіне тағайындалды.

 Сұлупан Панақызы Шынтасова 1959 жылы 4 мамырда Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді – экономист, заң ғылымдарының магистрі. Ф. Энгельс атындағы Ленинград кеңес сауда институтын, Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, Қазақ-орыс халықаралық университетін тәмамдаған және ЕНА Париж (Франция) универистетінде қайта даярлау курсын аяқтаған.  

Сұлупан Панақызы еңбек жолын 1980 жылы Ақтөбе қаласындағы құрылыс дүкенінде аға тауар сарапшысы болып бастады, содан кейін Ақтөбе облыстық сауда бөлімінің бастығы, Ақтөбе облысы әкім аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің талдау және жедел ақпарат секторының бастығы болып жұмыс істеді. Әр жылдары облыстық коммуналдық меншік департаменті, базарлар және бір реттік талон бойынша кейбір қызмет түрлерін әкімшіліктендіру басқармасы, Ақтөбе облысы бойынша ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігін басқарды. 2007 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалының төрайымы, Ақтөбе облысы бойынша Қазақстан әйелдер күштері альянсының төрайымы, Ақтөбе қаласы мәслихатының хатшысы болды. Биыл Сұлупан Панақызы Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты болып сайланды. Ол облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы.

 Сұлупан Шынтасова – Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» (2009 жыл) және «Парасат» ордендерінің иегері. ҚР Тәуелсіздігі, ҚР Конституциясы және ҚР Мәслихаттарының мерекелік медальдарымен марапатталған, «Аманат» Сыйлығының лауреаты» (2020 жыл). 2008 жылы «Ажар» Қазақстан әйелдерінің жетістіктеріне қоғамдық құрмет көрсету ұлттық сыйлығы» республикалық байқауы номинациясының иегері.

 Өңірлік кеңестің төрағасы Асхат Айтжанов Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының жаңа басшысын құттықтап, палатаға жаңа жетістіктер тілеп, жемісті ынтымақтастықтың жалғасуына сенім білдірді.

 Өз кезегінде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов облыс әкімдігінің жұмысы «Атамекен» палатасы және бизнес-қоғамдастықпен тығыз байланысты екенін атап өтті.

 «Кәсіпкерліктің өкілдері әкімдіктер жанындағы бизнесті қорғау жөніндегі кеңес беру-ақылдасу органдарының құрамына енді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде бизнестің жер қатынастары, эпидахуал, АӨК-те субсидиялау, салық салу, тариф белгілеу салаларындағы мәселелерге қатысты өтінімдерінің 60 пайыздан астамы оң шешілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарлмасы шеңберінде отандық өндірушілерді қолдау жүргізілуде. Оның аясында 51,7 млрд теңгеге 205 жоба қаржыландырылған. ШОБ субъектілеріне мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес дамуында әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша жұмыстың тиімділігіне мониторинг жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде облысымыз (Doing Business) бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде 11-ден 5-орынға дейін 6 тармаққа көтерілді», – деп ата өтті әкім орынбасары.

 Ақтөбе облысы «Атамекен» ҰКП бағыттары мен жобаларын орындауда үнемі озық өңірлер қатарында болатынын ҰКП Басқарма төрағасының бірінші орынбасары айтты. Спикер Өңірлік палатаға осы қарқыннан түспеуді, Өңірлік кеңеске ҰКП-ның салалық комитеттері жұмысына белсенді араласуды, қызметте табыс тіледі.

 «Маңызды бағыттардың бірі – «Атамекен» қатысуымен өңірлерде, соның ішінде Ақтөбе облысында микронесиелеу ұйымдарын құруға тоқталып өтейін. Қаржыландыру «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы есебінен жүзеге асырылады. Биылғы жылы Ақтөбе облысындағы МҚҰ арқылы 1 миллиард 300 миллион теңге қайтарылған қаражатқа микронесиелеуге бағытталғаны белгілі. МҚҰ иекемді саясаты бірінші кезекте бастауыш кәсіпкерлерге қаржыландырудың қолжетімдігін арттырады, әсіресе ауылдық жерлерде. МҚҰ «Бастау» жобасы бойынша білім алған тыңдаушыларға кәсіп ашуға несиелерді жылдық алты пайызбен береді. Жоба басталғалы бері ел ауқымында 150 мың адам білім алды, соның ішінде 9 мыңға жуық адам Ақтөбе облысының тұрғындары», – деді Нариман Әбілшайықов.

 Өңірлік кеңес мүшелері ҰКП орталық аппаратының өкіліне сұрақтар қойып, толымды жауап алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер