«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Табиғи монополиялар қызметіне шағымданған ақтөбелік кәсіпкерлердің құқығы қорғалды

2018 жылғы 30 Тамыз
- Ақтөбе облысы
1819 просмотров

Соңғы уақытта Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына теміржол көлігі арқылы жүк тасымалдайтын кәсіпкерлерден тасымалдау жоспарын орындамағаны үшін «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ –  «Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі» тарапынан айыппұл санкцияларының салынуына қатысты өтініштер түсуі жиілеп кеткен. 

Қолданыстағы ережеге сәйкес кәсіпкерлер өз тауарларын темір жолы арқылы жөнелтуге тиіс болған жағдайда «ҚТЖ – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамына жоспарланған ай басталғанға дейін кемінде 14 күн бұрын тасымалдаушыға сұраныс беруі тиіс екен.  

Дегенмен, іс жүзінде жүкті жөнелтуші тарапынан технологиялық себептер бойынша, сондай-ақ жылжымалы құрам меншік иесінің кінәсінен де өнімді тиеуге үнемі мүмкіндік бола бермейді. Соның салдарынан жүкті жөнелтушілерге жоспарлы тасымалды орындамағаны үшін айыппұл санкциялары салынады, ал бұл кәсіпкерлерге қаржылай ауыр тиеді және кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай кедергі болады. Бүгінгі күні тек төрт компанияға ғана салынған айыппұл санкциясының жалпы сомасы 7 миллион теңгеден асады.

Бұл мәселе бүгін Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасында өткен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында талқыланды. Кеңеске қатысқан облыс әкімдігінің, құзырлы органдардың мүшелері, мәслихаттар мен «Нұр Отан» партиясының депутаттары, кеңес мүшелері қолданыстағы заңның нормалары кәсіпкерліктің тиімді дамуына кедергі келтіреді деген тұжырым жасады, заң нормаларынан дәлелдер де келтірілді.

«Біздің клиенттеріміздің қандай да бір арыз-шағымы бойынша сотқа жүгінулеріне мүмкіндік бар. Яғни біз барлық талаптарымызды  белгіленген тәртіп бойынша заң нормаларына сай жасаймыз. Бұл жағдайда алдын ала тапсырыс алған тарап ретінде біздің компаниямыз да айтарлықтай шығынға ұшырайды. Вагондарды біздің еншілес компанияларымыздан бөлек басқа да жеке кәсіпкерлік субъектілері ұсына алады. Бұған шектеу жоқ. Вагонды кәсіпкерлер солардан да алуына болады», – дейді «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ –  Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі директорының орынбасары Бақытжан Бірманов.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов болса,  кәсіпкер іс жүзінде жүкті ұсынбағаны немесе берілген көлік құралдарын пайдаланбағаны негізінде тапсырыс берілген жоспарлы тасымалдау көлемін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартуға қатысты норма ҚР Азаматтық Кодексінің 6-бабына қайшы келетінін жеткізді.      

Кеңес мүшелері қолданыстағы заңнамаға, соның ішінде Жүк жөнелтушінің тасымалдау жоспарын орындамағаны үшін айыппұл санкциясын қолдану жөніндегі нормаларына қатысты сәйкесінше өзгерістер енгізу қажет деген қорытындыға келді.  Бұл шешімге байланысты хаттама толтырылып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасында қарауына, содан соң құзырлы органдарға жіберілетін болды.

Сонымен қатар кеңес отырысында «Трансэнерго» АҚ іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) салдарынан қарыздың пайда болуы дерегіне қатысты кәсіпкердің шағымы қаралды. «С.Е.Шүйіншалин» ЖК өкілі Ақпара Шүйінішалинаның айтуынша АҚ жұмысшылары  ЖК ғимаратына берілетін ыстық суға мемлекеттік тексерістің уақытылы жүргізілмеуін негізге ала отырып, жалпы белгіленген тариф бойынша қарыз есептеген. Алайда, кәсіпкер есептеуіш құралын тексерістен уақытылы өткізгені жөнінде дәлелдердің бар екенін айтты. Кеңес отырысында «Трансэнерго» АҚ және есептегіш құралды тексеруден өткізген «ТеплоУют» ЖШС өкілдері қатысып, мәселенің ақ-қарасы анықталды. АҚ өкілдері өз тарапынан жіберілген қателіктерді мойындап, кәсіпкерге салынған айыппұлды негізсіз деп таныды. Сонымен, кеңес жұмысының нәтижесінде тағы бір кәсіпкердің құқы қорғалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер