«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жалғызбасты ана оқу орталығын тәмамдап, жеке кәсібін ашпақ

2018 жылғы 07 Тамыз
- Ақтөбе облысы
1269 просмотров

Гүлзада Абитова орта мектепті Ақтөбе қаласында бітірді. Жалғыз өзі өсіріп-баққан анасының оқытуға шамасы жетпейтінін ойлап, жоғарғы білім алуға талпына қоймады.

Еңбекке ерте араласты, тұрмыс құрды, 3 бірдей сәбиді дүниеге әкелді. Өкінішке қарай, өмір жолы әрқашан даңғыл бола бермейді.  Перзенттерінің бірінен ауыр науқас анықталып, ерекше күтімді қажет ететінін естігенде, сағы сынбаған ол күресуге бел байлайды. Алайда балалардың әкесі мұндай жауапкершілікті мойнына алғысы жоқ. Бүгінде бөпелерін жалғыз өсіруге мәжбүр болып отырған келіншек балаларын қатарынан кем қылмай, барлық қажетін қамтамасыз еткісі келеді. Ол үшін бала күтіміне берілетін жәрдемақы аздық ететіні белгілі, науқас ұлының денсаулығына байланысты үйден ұзап кету де мүмкін болмай тұр, не істесем екен деп қиналып жүргенде жергілікті кәсіпорындарда мамандар даярлайтын қысқа мерзімді оқыту курстарының ашылып жатқанын естиді. Көп ұзамай, ол құжаттарын «Глобал -Спецодежда» ЖШС жанынан ашылған «Үміт» оқыту орталығына тапсырады.

«Бұрын тігуді білмесем де орталықтың көмегімен бір кісідей үйреніп алдым.  Қазір пішу де, тігу де білемін, құрақ та құрай аламын. Ниет болса, үйрену қиын емес екен. Курсты аяқтаған соң, «Үміт» орталығының басшысы Надежда Шабаева жұмыс орынын ұсынып отыр. Алайда үйден ұзақ уақытқа ұзап кете алмайтын болғандықтан өз кәсібімді ашуды жөн көріп отырмын», – дейді Гүлзада.

Орайы келгенде айта кетсек, кәсіпорындар жанынан ашылған оқу орталықтары «Атамекен» ҰКП бастамасымен ұйымдастырылған, 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жұмыс жасайды. Мұндай кәсіпорындар «Атамекен» ҰКП оқу реестріне енгізілген. «Үміттен» басқа, реестрге Ақтөбе облысынан 9 оқу орталығы тіркелген. Олар: «Сервис и К» ЖШС, «Дамыту», «Taksim Food Academy», «Азайя»ЖШС, «Энергетик», «Шарлотта» және т.б. оқу орталықтары.

Сондай-ақ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы 2017-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Еңбек» Бағдарламасын жүзеге асыруға қатысушы ретінде тұрғындарды жұмыспен қамтуға, оларды кәсіпкерлікке тартуға мүдделі. Бұл үшін Кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлік негіздерін оқытуға арналған бизнес-тренингтер өткізеді. Палата мамандары жеке ісін ашуға ниетті Гүлзада Абитоваға осындай тренингтерден өтуге кеңес берді. Соған сай Гүлзада қазіргі уақытта«Бизнес-кеңесші» қысқа мерзімді оқыту курстарын өтуде.

«Гүлзада секілді кәсіп ашқысы келетін жандарға «Бизнес кеңесші» курсынан кейін «Бизнес-Мектеп» компоненті шегінде табысты кәсіпкерлерді тарту қағидасымен жүргізілетін «Жобалық оқыту» курсынан өтуге кеңес беремін. Курс аясында кәсіпорындарға барып, тәжірибелік сабақ  өткізіледі. Сонымен қатар, шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтуге арналған «Іскерлік байланыстар» бизнес-оқуының да берері мол. Қазіргі кезде осы курсқа өтініштер қабылдануда. Іріктеуден өткен кәсіпкерлер Германия еліне барып, ондағы үздік кәсіпорындардың жұмысымен танысып, біліктілігін көтеріп қайтуға мүмкіндіктері бар», – дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Бекжан Асаухан.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер