«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

60 ақтөбелік сұранысқа ие мамандықты игеріп шықты

2018 жылғы 09 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
6720 просмотров

Ақтөбе қаласындағы «Дамыту» оқу орталығында білім алған 21 әкімгер мен 36 аспазға мемлекеттік үлгідегі сертификаттар салтанатты түрде табысталды

 «Ақтөбе облысының қонақ үйлер мен мейрамханалар бизнесі» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған «Дамыту» оқу орталығында білім алғандардың барлығы бұған дейін қаладағы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеуде болған. Мұнда олар екі айлық оқудан өтіпті. Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні білім алушылардың 80 пайызы жұмысқа орналасып та үлгерген.

Оқыту орталығының жетекшісі Сәния Қалиеваның айтуынша, қазір мейрамхана мен қонақ үй ісі саласында жаңаша форматта оқытылған кадрларға сұраныс жоғары.

«Сондықтан, бұл мамандар жұмыссыз қалмауы тиіс. Аспаздар ас әзірлеуге 3 ай оқытылса, әкімгерлер басқару менеджментіне екі ай уақыт машықтанды. Ниет білдірген тұрғындар "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама" аясында қайта даярлау курсынан өтіп жатыр», - деді ол. 

«Дамыту» оқыту орталығы «Зере» мейрамханасы базасында орналасқан. Бұл жерде тәжірибелік сабақтарды пысықтайтын арнайы орын ұйымдастырылған. Орталықта аспазшы, даяшы және әкімгер бойынша мамандар даярланады. Кәсіпқой бас аспазшы мен мейрамхана әкімгері курс тыңдаушыларымен тақырыптарды толық пысықтап шығады. Бұл орайда «Ақтөбе облысының қонақ үйлер және мейрамханалар бизнесі қоғамдастығы» қоғамдық бірлестігі мүшелері мен Ақтөбе қаласындағы дәмхана және мейрамхана өкілдерімен кездесулер де ұйымдастырылады.

«Оқыту орталығында аспазшы ісі мен басқару менеджментін оқыту үшін топ жинаймыз. Бұл — облыстық кәсіпкерлер палатасы мен қаладағы жұмыспен қамту орталығы мамандарымен бірлесіп атқарылған шара. Бүгінгі күні мейрамхана, қонақ үй ісі саласында жаңа форматтағы кадрларға деген үлкен қажеттілік бар екенін мойындауымыз керек. Оқыту орталығын ашқандағы басты мақсатымыз — түлектерге жай ғана куәлік берумен шектелмей, осы салаға қажет ететін кадарларды даярлау», — деді «Зере» мейрамханасының директоры, облыстағы қонақ үйлер және мейрамханалар бизнесі қауымдастығының төрайымы Бану Тілегенова.

Бұл күні әкімгер сертификатына ие болғандардың бірі — Алтынай Нұрымова. Жұмыссыз ретінде биржаға тіркелген Алтынай жұмыспен қамту орталығы мамандарының кеңесімен оқу орталығында екі ай арнайы курстан өтіпті.

«Пәтер жалдап тұрамыз. Қолымда 14 жасар ұлым мен науқас ағам бар. Ол — бірінші топ мүгедегі. Отбасымызда мүгедек адам болғасын, жалдамалы пәтер табу да қиынға соғады. Қазір «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында айына 40 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Ағамның мүгедектігіне берілетін жәрдемақысымен пәтер ақысын төлейміз.  Бұған дейін дүкендерде сатушы болып жүрдім. Тапсырыспен тігін тігу, тоқу секілді жұмыстарды үйде қосымша атқарамын.  Мемлекет тарапынан осындай қолдау арқылы кәсіби мамандық алуға мүмкіндік барын білгенде, қатты қуандым. Екі ай оқығанымыз үшін мемлекеттен 33 мың теңгеден астам шәкіртақы төленді. Енді әкімгер ретінде мейрамханаларға жұмысқа тұруыма болады. Оқу барысында қонақ үй және мейрамхана бизнесі бүгінгі күні еуростандартқа сай қызмет етуі керектігін біліп, бұл салада әлемдік талап бойынша көрсетілетін қызмет түрлерін үйрендік», — дейді Алтынай.

Курс оқытулары және қайта даярлау кезінде оқушыларға ай сайын 16 759 теңге көлемінде шәкіртақы төленіпті. Мемлекет осындай оқыту орталықтарына әр оқушы үшін 24 мың теңге көлемінде төлем жасайды. Бұл қаражат оқытушының еңбекақысы, қажетті материалдар секілді шығындарды өтеу үшін қолданылады.

Оқу орталығының түлектеріне сертификат табыстау сәтінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов және Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаевалар курс тыңдаушыларына мемлекеттік қолдаулар турасында айтып, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаның маңыздылығына тоқталды.

Облыстық кәсіпкерлік палатасының басшысы Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, Ұлттық палатаның бастамасымен және Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауына ие болған бұл жобаның маңызы зор.

«Бұл жоба жұмыс берушілердің өздеріне кадр даярлауға бағытталған. Сонымен қатар, түлектерге оқыту жүргізілген кәсіпорындарда олардың жұмысқа тұруына зор мүмкіндіктері бар. «Дамыту» оқу орталығында екі айлық курстан өткен аспаздар мен әкімгерлер қаладағы қызмет көрсету сапасы жоғары мейрамханалар мен қонақ үйлерге  жұмысқа тұратын болады», — деді ол.

Бүгінгі күні бұдан бөлек осындай төрт оқыту орталығы Ақтөбе кәсіпорындары жанында жұмыс жасап жатыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер