«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жас кәсіпкерлер ескі моншаны қалпына келтірді

2017 жылғы 17 Сәуір
- Ақтөбе облысы
6973 просмотров

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы көмегімен Мұғалжар ауданы Эмба қаласында қоғамдық монша іске қосылды

Қалаға табиғи газ құбыры тартылмай тұрып орталықта қоғамдық монша жұмыс істеген. Моншаны мазутпен қыздырған. Уақыт өте келе жанармайдын қымбатшылығы салдарынан монша иесі кәсіпті жауып, ғимарат көп жылдар бойы бос тұрады.

Осы ретте жас кәсіпкерлер Кенжебек Мұқанов пен Әділет Құдайбергенов монша бизнесін қолға алмақ болады да, жаңа монша қайда орналасатынын бірден таңдайды. Қолға алынған жобаны қорғау мен қаржыландыру мәселесі де оңай іске асқан. Бизнесмендердің айтуынша бұл түйткілдер Кәсіпкерлер палатасы тарапынан жасалған сауатты кеңес беру арқылы тез шешілген. 

«Аталған жобаның тиімділігін біз бірден байқадық. Бұған қоса кәсіпкерлердің кәсіп бастау ынталығы да  зор болды. Бұл жобаны бірінші кеңес беруден бастап, толық қаржыландыру кезеңіне дейін сүйемелдедік», – деді ӨКП Эмба қаласындағы филиалы директоры Тілек Нақпаев.

Кәсіпкер Кенжебек Мұқановтың айтуынша бизнес-жоспар, смета, негіздемелер 46 бет қағазды құрады. Алғашқы кеңес беру 2015 жылдың желтоқсанында жасалған. 2016 жылдың наурызында жоба сәтті қорғалды.  Қыркүйек айында «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» аясында қаржыландыруға қол жеткізген. Сөйтіп, бизнесмендер 20 млн теңге көлемінде несие алып, кәсіпті сәтті бастап кетті. Ескі монша ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жасалды, хауызға арналған орынжай салынды, газбен жанатын пеш орнатылды, қазандықтар мен коммуникация құралдары толығымен жаңартылды.

Міне, бір апта көлемінде жаңа «Достар» моншасы тұтынушыларды қабылдауды бастады. Моншаның салтанатты ашылуына Кәсіпкерлер палатасы филиалы өкілдері, жергілікті әкімдік, ақсақалдар мен қала тұрғындары қатысты.

Монша бір мезгілде 60 адамды қабылдай алады ішкі жабдығы замануи қажеттіліктерге сай. Мында хауыз, душ кабиналары, түрлі сусындар ұсынатын бар аймағы қарастырылған.    

Ашылу салтанатына орай топпен келген адамдарға арнайы акция ұйымдастырылды. Зейнеткерлер мен ұжымдарға жеңілдік жасау да жоспарда. Айта кетелік, «Достар» атауы тегін қойылмаған. Өйткені кәсіпті екі дос ашып отыр. Әлібек бизнеске жаңадан келіп, алғашқы қадамдарды жасаған болса, Кенжебек автоматтау мен жүк тасымалдау саласындағы тәжірибелі кәсіпкер. Бүгінде кәсіпкерлер 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер