«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына «Қазхром» АҚ дарындары бақ сынады

2016 жылғы 28 Сәуір
- Ақтөбе облысы
7699 просмотров

Ақтөбе қаласындағы Мәдениет үйінде бесінші рет «Шанс» зияткерлік байқауы өтіп, онда Қазақстанның үш облысы – Ақтөбе, Қарағанды, Павлодардан келген бес команда бақ сынасты 

Алғаш рет мерейтой қарсаңында «Қазхромның» жастар командасымен қатар Дон кен-байыту комбинаты, «Қазмарганец» кен басқармасы, Ақсу мен Ақтөбе темір қоспасы зауыттарына қоса компанияның басқарма аппаратының өкілдері де байқауға қатысты. Эрудициясы ең жоғары команда атануға мықтылардың мықтылары бақ сынады – олар әр қалада өткен іріктеу турларының жеңімпаздары еді.

Нақты ғылым саласындағы күрделі сұрақтар қойылды: жағрапия, өнер, тарих, оған қоса «Қазхром» қызметі бойынша топ-менеджерлер әзірлеген бейнесауалдар жолданып, жылдамдықтарын, алғырлықтарын жаныды.

Ұйымдастыру комитетінің басшысы, «ТНК Қазхром» АҚ адам ресурстарын басқару департаментінің бастығы Венера Мұхамедзянованың айтуынша, байқаудың басты мақсаты дарынды жастардың интеллектуалды және шығармашыл талантын ашу, қолдау, дамыту. 

«Ойын көп ойлануды талап етті, барлық командалар мықты дайындалған, бұл байқауға деген ерекше қызығушылықты оятты. Ақсу темір қоспасы зауытының командасы мен басқарма аппаратының командасын атап айтқым келеді, олар байқау барысында бастан-аяқ бізбен қатар жүрді. Елдегі, әлемдегі экономикалық қиын жағдайға қарамастан біздің компания жастар саясатын қолдауды азайтқан жоқ, әсіресе осындай аса пайдалы ойындарды ұйымдастыруы көңілге қонымды. Бұл байқау шын мәнісінде компаниядағы жастардың өзін көрсету алаңына айналды, өзінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетуге, кадрлық резервке өтуге жағдай жасады, және де өзге бөлімшелердегі әріптестерімен жақын танысуға мүмкіндік берді», – дейді Ақтөбе темір қоспа зауытының командасының капитаны, өндірістік-техникалық бөлімі техникалық бюросының бастығы Равиль Тухтавуллин.

«Шанстың» ойынына бірінші рет қатыстым, шыны керек керемет әсер алдым. Өз қатарластарыңның ортасына түсу сондай көңілді, ой таласы тартысты да қызықты өтті. Олардың барлығы өз саласының майталмандары ғана емес, өнер, тарих, нақты ғылымдардың бүге-шігесіне дейін білетін мықты эрудиттер, әдебиетті шемішкеше шағып, логикалық сұрақтарды тез шешіп отырды. Солардан үлгі алғымыз, ары қарай өскіміз келеді. Биылғы ойын өте жылдам, қызықты өтті. Әр команда лайықты жауап беру арқылы өз мүмкіндіктерін көрсетті», – деп өз ойымен бөлісті Ақсу темір қоспа зауыты электр цехының электромонтері Артем Кузнецов.  

«Бірінші рет қатысып отырғандықтан, қатты алаңдаған едік. Оның үстіне қарсыластарымыз өте мықты командалар болды. Мұндай байқаулар меніңше, қызметкердің тұлға ретінде дамуына үлкен үлес қосады. Күнделікті өмірде де тек өз саламыздың алға қойған міндеттерін біліп қоймай, әр бөлімнің қызметімен етене таныс болуымыз, компанияның, Еуразиялық Топтың барлық қызметіне назар салуымыз керектігін көрсетті», – дейді «ТНК Қазхром» АҚ қойма логистика мен қор басқармасы департаменті бастығының орынбасары, басқарма аппараты командасының капитаны Евгений Тенеков.

Ойын бес кезеңнен тұрды, көш басына сенімді түрде Ақтөбе темір қоспа зауыты шықты. Оларға аздап жол берген Ақсу темір қоспа зауытының командасы болды. Үшінші орынды байқаудың дебютанттары – компанияның басқарма аппаратының командасы алды. 

«Қазхромның» жастар саясатын қолдау мақсатындағы маңызды шаралар қатарында – жыл сайын ғылыми-техникалық конференциялар, жас мамандарды өндіріске бейімдеу, кәсіби біліктілігін жетілдіруге көмектесу, кәсібін жақсы көру мен мәдени-қоғамдық істерге тарту жұмыстары жүргізіледі. 

Жастардың көшбасшылары ылғи да жанына жастарды тартып, оларға кәсіптің қыр-сырын үйретеді, еліміз ЖОО-дан «Қазхромның» бөлімшелеріне тәжірибе алуға келген студенттерді бейімдейді, ҚР ЖОО-дағы вакансиялар жәрмеңкесіне қатысады.

«Жастар – компанияның болашағы, біраз жылдан соң өндірістік құрамға белсене атсалысатын, бөлімдер мен цехтарды басқаратын осылар. Біздің компанияның басты құндылығы – оның талантты, сауатты мамандары, адамдары деп есептейміз», – деді «ТНК Қазхром» АҚ президенті Виктор Тиль. 

Тек қана 2015 жылдың өзінде «Қазхром» компаниясы жастарды дамыту саласына 41 миллион теңге жұмсаған. Қолдау қаржысын төлеу, демобилизациядан кейінгі үстеме, шара өткізуге арналған қаржы, жастарды қолдауға арналған бюджет аясында басқа да төлемдер мен үстемелер төленген.

 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер