«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жайсаңда кемпинг ашылмақшы

2016 жылғы 19 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
10226 просмотров

ӨКП жәрдемімен барлық талаптарға жауап беретін заманауи кемпинг салынады

Жақында ғана Ақтөбеде жол бойы сервисін дамыту жөніндегі Желілік келісімшартқа қол қойылғанын еске саламыз. Тараптар – облыс әкімдігі, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және Кәсіпкерлер палатасы аталмыш саладағы ынтымақтастық жайлы келісімге келді.

Облыс аумағымен өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралінің ұзақтығы 1 894 шақырымды құрайды. Бұл телімде жол бойы сервисінің жүзден астам нысаны орналасқан, алайда, өкінішке орай, олар халықаралық талаптарға сәйкес келмейді. Ал облыс басшылығы өңір Ресей және Азияға бара жатқан транзиттік көліктен барынша жоғары пайда табуға тиіс деп санайды.

Ол үшін билік жол бойы сервисін дамытуға жағдай жасамақшы. Осыған байланысты «Бизнестің жол картасы-2020» аясында жергілікті атқару билігі бастапқыда 100 миллион теңге бөлуге дайын. Осы қаражатқа кәсіпкерлерге жер телімдерін ұсынуда, инженерлік коммуникациялар тартуда, қажет құжаттарды ресімдеуде көмек көрсетілетін болады.

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы аталмыш мәселені шешуде жан-жақты жәрдем көрсетеді.

ӨКП директоры Нұрлыбек Мұқановтың сөзінше, елуден астам ақтөбелік кәсіпкер аталмыш салада жеке іс ашқылары келеді. Олардың бірі - «BS-Exeed» ЖШС директоры Сазанбай Жұмағазиев Мәртүк ауданындағы Палата филиалының көмегімен Жайсаң ауылынан жерді де алып қойды.

«Кәсіпкерлер палатасымен жұмыс жасағанымызға екінші жыл. Оның көмегімен көптеген мәселелерді шеше алдық. Сөйтіп, Мәртүк ауданындағы филиал директоры Бернияз Длимов үш жер телімін алуға жәрдем көрсетті. Біреуі – кемпинг құрылысына, қалған екеуі – газ құю станциясы құрылысына», - деп жеткізді Сазанбай Жұмағазиев.

ГҚС салу - «BS-Exeed» ЖШС жүзеге асыратын тағы бір жоба. Компания бірнеше айдан кейін Мәртүк және Қобда тас жолдарында құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісуді жоспарлап отыр. Кемпинг тұрғызу жұмысы қосарласа жүре береді.

«Жайсаң тас жолынан күн сайын 10 мың бірлік көлік өтіп жатады, оның арасында ауыр жүк көліктері де бар. Бұл салмақты сан, сондықтан да жол бағытын ғана емес, жол бойы сервисімен байланысты дүниелердің бәрін дамытуға тиіспіз. Мәртүк ауданында Ресей Федерациясымен шекарада 200 бірлік жүк көлігіне тұрақ, қырық орындық қонақүй, ТҚКС, асхана, бензин құятын станция салмақшымыз. Қызметтердің бүтін бір кешенін ұсынамыз, ана мен бала бөлмесін, медициналық пункт ашу жоспарда бар, банкомат орнатамыз. Жоба құны шамамен 400 миллион теңге тұрады», - деп бөлісті жоспарларымен кәсіпкер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер