«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Автокөлік тұрағы мәселесіне жақсылап кірісті

2015 жылғы 25 Маусым
- Ақтөбе облысы
11720 просмотров

Салық органдары Ақтөбе облысында бірнеше жыл бойында автотұрақтар мен уақытша тұрақтар үшін салықты заңсыз алып келген. Қалалық Мәслихат 2011 жылғы 26 наурызда тұрақтарға немесе паркингтерге, автоқұю бекеттеріне бөлінген жер телімдеріне он есе ұлғайтылған салық мөлшерлемелерін орнату туралы № 340 шешімін шығарған болатын. Бір айдан кейін Мәслихаттың № 362 шешімімен оның күші жойылады.

«Бұған қарамастан Мемлекеттік табыс басқармасы камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық төлеушілерге аталмыш жер санаттары бойынша он еселенген мөлшерде салық төлеу туралы хабарламалар жіберіп отырады», дейді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің бастығы Мирлан Бисенғалиев.

Оның айтуынша, қазіргі күні облыстық прокуратура қызметкерлері Өңірлік палата сарапшыларымен бірге қалалық мемлекеттік табыс басқармасы қызметіне тексеріс жүргізуде. Тексеріс аясында жергілікті атқару органдарының қала көшелерімен жолдарының жүру бөлігінде автомобильдердің уақытша тұрағын жайластыруда заңды сақтауына талдау жүргізілген.

Ақтөбеде 1 154 уақытша көлік тұрақтау орны бар. «Автотұрақтар немесе паркингтер үшін бөлінген елді мекендер жерлері» Кодексінің 386 бабы 3 тармағына сәйкес, елді мекендер жерлеріне базалық мөлшерлемелер бойынша салық салуға тиесілі. Жергілікті өкілдікті орган шешімі бойынша салықтың базалық мөлшерлемелері көбейтілуі мүмкін, бірақ он еседен артық емес. Оның үстіне мөлшерлемені ұлғайту автотұрақтар санатына қарай жүргізіледі.

Сонымен, 2012 жылғы сәуір айында «AlemCapital Ltd» ЖШС-ға 2011-2012 жылдардағы автотұрақтарды, паркингтерді қолданғаны үшін салықтың қате есептелуі жайлы хабарлама жіберілген. «ВРЕ Риал Истейт» ЖШС 2014 жылғы 30 сәуірде 2013-2014 жылдар кезеңі үшін автотұраққа бөлінген жерге салықты он еселенген мөлшерде төлеу туралы хабарлама алады.

«Осы деректердің барлығы Басқарма мамандарының қалалық Мәслихат шешімінің күшін жойғанын біле тұрып, салық төлеушілерге заңсыз түрде хабарлама беруді жалғастырғанына куә болады. 2011-2015 жылдар кезеңінде Басқармадағы лауазымды тұлғалардың заңсыз берілген хабарламалары және ауызша нұсқауымен жалпы 54 кәсіпкерлік субъектісі 35 млн 777 мың теңге сомасына он еселік мөлшерде салық төлеген. Қазір облыс Прокуратурасы кәсіпкерлер құқықтарын қалпына келтіру үшін заңдылықты бұзуды жою туралы сәйкес ұсыныс енгізді», деп хабарлады Мирлан Бисенғалиев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер