«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Нұрсұлтан Назарбаев: Шағын және орта бизнес кәсіпорындары елдегі күллі өнімнің кем дегенде жартысын өндіруге тиіс

2015 жылғы 03 Сәуір
- Ақтөбе облысы
12211 просмотров

Ақтөбеде екі күндік жұмыс сапарымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болып қайтты. Президент сапар барысында соңғы жылдары пайдалануға берілген бірқатар инновациялық кәсіпорындарға ат басын тіреді.

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе рельс-арқалық зауытында (АРАЗ) болды. Аталмыш кәсіпорын Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бірінші кезеңінің аясында салынған болатын. Ол қысқа мерзімде салынып шыққан. Зауыт жылына 200 мың тонна көлемінде темір жол рельсін, және де жылына 230 мың тоннаға дейінгі сұрыпты өнім (швеллер, арқалық, бұрыштама, арнайы пішін) шығарады деп жоспарлануда. АРАЗ іске қосылуы «ҚТЖ» ҰК» АҚ, сонымен қатар шетелдегі темір жол кәсіпорындарын рельс өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Зауыт индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жетекші жобаларының бірі болып табылады. Ол «Сименс» компаниясының заманауи жабдығымен жарақталған. Құрылыс барысында 1000 адам жұмыс жасап, 760 адам жұмысқа тұрғызылады. Әрбір адамға шаққандағы өнімділік 80 мың долларды құрайды – бұл дегеніміз еліміз үшін аса жоғары еңбек өнімділігі. Қазақстанда бұрындары мұндай кәсіпорын болмаған еді, олар шығаратын өнім де жаңа болып табылады. Бұрындары рельсті республикадан тысқары жерлерден сатып алып жүрдік, ал енді ішкі нарықтың қажеттілігін өтеп қана қоймай, экспорттайтын да боламыз. Сонымен қатар, мұнда құрылысқа қажет барлық бөлшектер өндірілетін болады», -  деді Елбасы еңбек ұжымымен кездесу барысында.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа «CITY Shopping» сауда орталығында ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесті. Ақтөбелік бизнес-қоғамдастық атынан Ұлт Көшбасшысына Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Төлеміс Шотанов сөз арнады.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, Отандық бизнестің дамуына үлкен көңіл бөліп отырсыз. Бүгінде Қазақстанда табысты кәсіпкерлік үшін аса жағымды жағдай жасалған. Ұлттық палата сіздің қолдауыңызбен құрылды. ҰКП кәсіпкерлер үшін тірек болып, олардың басын біріктірді, көптеген мәселелерді шешті. Сіздің тапсырмаңыз бойынша барлық аудан орталықтары мен еліміздің шағын қалаларында Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылып, әрекет етуде. Ақтөбе облысында «бір терезе» қағидаты бойынша 15 Кәсіпкерлікті қолдау орталығында барлық ісін бастаушы және әрекеттегі кәсіпкерлерге көмек көрсетіліп жатыр», - деп атады Төлеміс Шотанов.

«Ұлттық палатадан шынайы көмек көрсетіле ме?» – деп сұрады Ұлт Көшбасшысы.

«Көмек көрсетіліп жатыр, оған талас жоқ. Бизнес субъектілерінің саны артып келеді, сапалық құрам өсуде», - деп жауап берді ӨКП директоры.

Елбасының айтуынша, экономикалық өзгерістер кезеңінде экономиканы әртараптандыру құралы ретіндегі кәсіпкерлікті дамыту мәселесі үлкен өзектілікке ие.

«Шағын және орта бизнес кәсіпорындары барлық отандық өнімнің 50 пайызын өндіруге тиіс. Аталмыш көрсеткішке қол жеткізу дағдарыстық құбылыстарды жеңе алатын тұрақты экономика құруға сеп болады», - деп баса айтты Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Ақтөбе облысының экономикалық табыстарын жоғары бағалады.

«Соңғы жылдары өңір дамуына 500 млрд теңгеден астам сома салынды, 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға енгізіліп, 5 мектеп, 2 балабақша салынды. Балалардың 90%-ы балабақшаға барып жүргені аса маңызды. «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында жолдар, әуежайлар салынады. Барлық қазақстандықтар жұмыспен қамтамасыз етіледі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сұхбат барысында шағын және орта бизнестің дамуы елдің экономикалық әл-ауқатының негізі болатынын атады, және де жиналғандарға алға қойылған жоспарларын жүзеге асыруда табыс тіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер