«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тимур Құлыбаев: «Теңгелік айналым қаражатының экономикадағы шынайы секторға түсуіне тырысамыз»

2015 жылғы 26 Наурыз
- Ақтөбе облысы
11160 просмотров

ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында ақтөбелік кәсіпкерлер бірқатар түйткілдерін жеткізді. Олардың ішіндегі ең өзектісі теңгемен берілетін кредиттік ресурстардың қолжетімділігі болды.

Жалпы кәсіпкерлер ҰКП-ның мемлекеттік шешімдер қабылдау деңгейіндегі бизнес мүдделеріне өкілдік ету жөніндегі қызметіне жоғары баға береді.

«Үмітіміз ақталды!», - деп есептейді «Тост» ЖШС директоры Бақыт Сүлейменов. – «Палата қызметкерлері бірнеше салмақты түйткілді шешіп берді. Олардың бірі бес жыл бойы шешімін таппай қойған еді. Алайда қазір мен шынайы секторды қаржыландыруды шектеуге қатысты мәселеге алаңдап жүрмін. Бүгінде жеке тұлғаларды қаржыландыру жеткілікті түрде белсенді жүргізілуде, ал жұмыс орындарын құратын әрі салық төлейтін шынайы сектор қарызгерлеріне қойылатын банктер талаптары қатайып отыр. Кредит алуымыз аса қиындап кетті. Біздің ЖШС 2014 жылы 47 миллион теңге салық төледі. Бізде 50 миллион теңгелік кредит желісі болып еді, қазірде бұл желіні жоқ деуге болады», - деп жүгінді кәсіпкер өз түйткілімен Тимур Құлыбаевқа.

«ҰКП жұмысына берген бағаңызға рахмет», - деп алғыс айтты сөз алған кәсіпкерге Тимур Асқарұлы. – «Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға 1 триллион теңге бөлінген. Бұл ақшаның шынайы секторға жетуі үшін, ақша беру кезіндегі төрешілдікті төмендету үшін бар күшімізді салуға тиіспіз. «Бәйтерек» қорымен келісімге қол қойдық, оған сәйкес даму институттарына ҰКП өкілдері кірді. Бұл даму институттары арқылы, екінші деңгейлі банктер арқылы қарыз беруді қолжетімді қылу үшін қажет».

«Қазірде теңгелік өтімділік жөнінен түйткілдер туындап отыр», - деп жалғады сөзін ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы. – «Сыртқы жағымсыз жағдаят салдарынан рубль бағамының кенеттен түсіп кетуі және нарықтағы үйлеспеушілік доллармен салынған ақша жинақтарының күрт артуына және теңгелік өтімділіктің төмендеуіне алып келді».

Тимур Құлыбаев ҰКП-ның екінші деңгейлі банктермен тығыз жұмыс жасап жатқанын баса көрсетті.

«Біз банк секторына үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Мұнда айтарлықтай көлемді түйткілдер жиналып қалды, нашар кредиттер саны өсіп кетті. Екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға 250 миллиард теңге бөлінеді. Біз Ұлттық банк басшылығымен жиналыс өткізіп, олар мөлшерлемені төмендету бойынша шара қолдануға (қайта қаржыландыру – ред. еск.) және екінші деңгейлі банктер өтімділігін толықтыруды бастауға уәде берді. Ең бастысы, теңге валюта нарығына құйылмасын», - деп сендірді отырысқа қатысушыларды Тимур Құлыбаев.

Ақтөбелік кәсіпкерлердің тағы бір түйткілі: шағын сауда нүктелерінде POS-терминалдар енгізу жөніндегі талаптар.

«Қазақстанның Сауда және қызметтер саласы өнеркәсіптері нарығы қауымдастығы» басқарма төрағасы Дмитрий Довматенко атап өткендей, супер- және гипермаркеттер сияқты ірі сауда желілерінің дамуымен кәсіпкерлер айтарлықтай бәсекені бастан кешіп отыр да, осының салдарынан шағын азық-түлік дүкендеріндегі тауарларға үстеме баға әдетте 10%-дан аспайды.

«Осыған орай, POS-терминалдарды жер-жерлерде енгізу жөніндегі талап олар үшін, әсіресе банктердің қазіргі жағдайында, біршама қиын болып табылады. Екінші деңгейлі банктер әрбір операция үшін комиссия ұстап қалады: шот жүргізгені үшін айына 300-500 теңге, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін – қолма-қол ақша сомасына 0,5-1%, және де әрбір есептеу үшін – сатып алу сомасынан 1-5%», - деп атады Дмитрий Довматенко. Ол сонымен қатар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының осы жағдайды шешу жөнінде шаралар қолдануын сұрады.

Дмитрий Довматенконың ойынша, бұған не шағын бизнес субъектілері үшін POS-терминалдарды міндетті енгізудің тоқтатып, не екінші деңгейлі банктер қызметін қатаң бақылауда ұстау арқылы қол жеткізуге болады.

Палата POS-терминалдар қою талабын болдырмау мәселесіне батыл кірісуді қажет деп таппайды.

«POS-терминалдарға көшу қажет – бұл уақыттың бұйрығы! Алайда кәсіпкерлердің терминалдарды бүкіл жерлерде орнатуға дайын еместігін ескере отырсақ, оларды енгізу мерзімін 2016 жылғы 1 қарашаға дейін созуға қол жеткіздік. Осы уақытқа дейін келіссөздер жүргізетін боламыз, соның ішінде мөлшерлемелер бойынша да – екінші деңгейлі банктермен. Біз олардың барынша төмендетілуіне тырысамыз», – деп жауап берді толғақты сауалға ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер