«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбелік өндіруші 3D білдекті іске қоспақшы

2015 жылғы 25 Ақпан
- Ақтөбе облысы
11270 просмотров

Ақтөбе облысындағы бірегей кәсіпорындардың бірі «Каспий Плюс» ЖШС тау-кен өндіру саласына арналған заманауи өнімдер шығарумен айналысады. Компанияда Қазақстанда қайталанбайтын бірегей 3D білдек пайда болғанына да көп өткен жоқ.

«Каспий Плюс» фирмасы жеті жыл бұрын құрылған. Фирманың негізін қалаушы Жандос Пангереев шағын гаражда жергілікті шахталар үшін шағын ғана мөлшердегі арнайы бекіткіш тор шығара бастайды. «Біз шығаратын осы бекітуші материалдарды «Восход-Ориель», қазіргі Yildirim Group тау-кен өндіру компаниясы пайдаланады», - дейді қазірде ірі кәсіпорын «Каспий плюс» ЖШС бас директоры. Бизнесменнің айтуынша, осы кен орнын дайындаушылардың қажеттіліктері импорттың орнын алмастыру идеясына алып келген. Осы уақытқа дейін жер қойнауын пайдаланушы барлық қажет өнімді Австралиядан, Италиядан және басқа да елдерден әкеліп отырған еді.

Компания тағы да бір ең соңғы жаңа өнім – арматураның орнына қолданыла беретін жезделген фибраны жеткізуші болған еді. «Каспий Плюстен» бұл өнімді «Шахтбау-Қазақстан» сатып алып отырады. Сапаны мойындау белгісі ретінде неміс компаниясы ақтөбелік өндірушіге шахтерлерді үйінділерде қорғап жүретін әулие Варвараның мүсінін сыйлаған еді. Бір айта кететіні, шетелде фибраны жолдар, сауда-ойын-сауық кешендерін, спорт алаңшаларын және әуежайлар құрылысы кезінде де қолданады. Алайда Жандос Пангереевтің қолынан шыққан дүние одан әрі кетіп, қазір инновация болып табылатын полимерлік фибраны дайындауда. Бас директордың ойынша, оған деген сұраныс екі-үші жылда пайда болады. «Өкінішке орай, біздің елде өткен ғасырдың 60 жылдарында бекітілген Құрылыс нормалары мен ережелері басшылыққа алынады. Егер еуропалық деңгейдегі сапа керек болса, стандарттарды ауыстыру қажет», - деп есептейді ол.

«Каспий Плюстің» тағы да бір мақтанышы – бұл Қазақстанда кездеспейтін бірегей 3D білдек. Жаңа жабдық түрлі формадағы бұйымдарды өндіріп те жатыр. Білдек диаметрі 14 миллиметрге дейінгі иілгіш сымнан өндіріске қажет серіппелер, құрылыс анкерлерін және басқа да көптеген дүниелерді жасап шығады. «Шынымды айтсам, бұл өндірістің еш инновациясы жоқ. Күллі Еуропа, күллі әлем осы стандартпен жұмыс жасайды. Бәрі де нақты және тегіс. Шетелге жасаған сапарлар барысында біз ең соңғы білдектерді сатып алып қоймай, біздің мамандардың өндіруші зауыттарда машықтанудан өтуіне келісіп жүреміз», - деп жалғады сөзін Жандос Пангереев.

Өнім сапасына сандық бағдарламалық басқару жауап береді. Автоматтандырылған білдек көмегімен кез-келген қиындықтағы түрлі металдарды өңдеуге болады. Бұл «Каспий плюстің» өнеркәсіпте, автомобиль жасауда, кеме салуда ғана емес, тұрмыста да қолданылатын бұйымдарды шығаруына мүмкіндік береді. Кәсіпорында «Caterpillar» немесе JCB тау-кен тракторлары үшін бөлшектер өндіре алады. Оның үстіне ақтөбелік аналогтар түпнұсқалардан еш ерекшеленбейді, тіпті сапасы мен бағасы жағынан басым түсіп те жатады. Сонымен қатар, кәсіпорында супер- және гипермаркеттерде қолданылатын металл арбашалар шығарылады. Компанияда дәл сол 3D білдекте арқауы 20 адамға дейін шыдас беретін металл киіз үй құрастырылған.

Қазір кәсіпорын қалыңдығы 450 миллиметрге дейінгі болат кесекті кесе алатын тағы да бір ерекше білдекке тапсырыс беріп отыр. Сондай-ақ компания металды Қарағандыдан сатып алатындықтан, «Каспий Плюс» ЖШС өнімінің 100 пайыз қазақстандық мазмұнды құрайтынын атап өтеді. «Жабдықты қанша қаражатқа сатып алатынымыз бәрін қызықтырып жүр. Мәселе сонда ғана ма екен? Бәрі де еліміз үшін жасалып жатыр емес пе. Бұйымдарымыздың фирмалық аналогтардан еш кем түспейтіндігін ғана сеніммен айта аламын», - деп мақтанышпен жеткізді Жандос Пангереев.

«Каспий Плюс» металмен қоса пластикті де өңдеуге үйреніп алғанын айта кету керек. Кәсіпкердің ойынша, шетелден құбырлар әкеле жүріп, қосымша олардың ішіндегі ауа үшін де төлейді екен, ал өндірісі үшін шикізатты осы жерден сатып алып, құбырларды осында шығаруға да болар еді.

Бас директор біздің тілшіге тамшылай суаруға арналған диаметрі 35 миллиметр және ұзындығы 2 метр пластикалық құбырды әзірлеу үшін бар-жоғы 3 уыс пластикалық үгіндінің жеткілікті болатындығын өз қолымен көрсетті. Әрине, шетелдіктерге мұндай бұйымдар өндіретін білдектерден гөрі, тауардың өзін сатқан пайдалы. Сонымен бірге, мұндай білдекті ҚХР-дан алып келу үшін кәсіпкер бір жарым жыл жүрген екен. Технологтармен келіссөздерге Гуаньчжоуға компания менеджерлерінің үш рет баруына тура келіпті, жабдықты кедендік тазарту бойынша процедураға да біраз уақыт кеткен.

«Каспий Плюс» сенімділік,сапа мен кәсібилікке сүйене отырып, өнімдерінің талап етілетіндігіне көз жеткізді, ал мемлекет бірегей кәсіпорынға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. «Бізге әкім Архимед Мұхамбетов пен оның орынбасарларынан бастап көптеген жандар көмек көрсетеді. Төлеміс Шотанов бастаған Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан да ықпалды көмек болып тұрады. Көмек тапсырыс орналастыру немесе бизнесті қолдауға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат түрінде болады. Дегенмен, бастысы, еліміздің Президенті бізді рухани тұрғыдан қолдап отыр. Себебі біздің өндірісіміз экономиканың қайта өңдеу секторының маңыздылығы жайлы сөз болған Елбасының Жолдауымен байланысты болып отыр. Сондықтан да мен бұл бизнеске қазақстандық кәсіпорындар зәру өнімді арзанырақ ету үшін келдім», - деп атайды Жандос Пангереев.

Бизнесменнің айтуынша, жан-жақты қолдаудың нәтижесінде серіктестікте айтылып кеткен негізгі тұтынушылардан басқа «Қазақалтын» фирмасымен тапсырыс келісімі бар, сонымен қатар Eurasian Resources Group компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Ресейдің Ор, Орынбор, Челябі сияқты шекара маңындағы өңірлерінен тапсырыс алу нұсқалары пысықталуда. Ресейлік алаңда қатысу үшін металл өңдеу жөніндегі жергілікті менеджерлер жалданды. «Жаңа технологияның барлығына да қажет боларына сенемін. Біз осыны қолға алдық, оған ақша салып жүрміз. Өніміміз сапалы, және де мұндай фирмалар ерте ме, кеш пе шетелдік аналогтарды ығыстырып шығаратын болады, - деп сенеді «Каспий Плюс» бас директоры Жандос Пангереев.

Әсия Нұрпейісова

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер